Visa Tour of World Class Almaty 2022

Веложарысқа тіркеу ашылды

2022 жылғы 7 тамызда Алматыда әуесқой велосипедшілердің Visa Tour of World Class Almaty 2022 жарысы өтеді, онда әрбір қатысушы өзін нағыз велошабандоз ретінде сезініп, өзінің бар мүмкіндіктерін көрсете алады.

Жарысты жыл сайынғы «Алматы марафонының» ұйымдастырушысы болып табылатын «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры өткізеді. Тіркеу almaty-marathon.kz сайтында ашылды.

Жарыс қашықтықтары: 57 км, 34 км және 14 км балалар қашықтығы (12 жастан 17 жасқа дейін).

Қатысушылар «Mega Alma-Ata» СОО (Розыбакиев көшесі, 289) алдындағы алаңда сөреге шығып, Розыбакиев көшесінің бойымен жоғары көтеріледі, әрі қарай әл-Фараби даңғылының бойымен Назарбаев даңғылына дейін жүріп, сол жерде бұрылады да, кері қарай Саин көшесіне жетіп, Рысқұлов даңғылына дейін төмен жүреді. 57 км қашықтығындағы спортшылар маршрутты Момышұлы және Ақ-Қайнар көшелерінің бойымен жалғастырады. Барлық қашықтықтардың мәресі де «Mega Alma-Ata» СОО жанында болады.

Қатысушылар тас жол немесе МТВ (тау) велосипедімен қатыса алады. 18 жастан асқан велоспорт әуесқойлары тас жол немесе МТВ велосипедімен 34 шақырымды, сондай-ақ 18 жастан асқан қатысушылар тас жол велосипедімен 57 шақырымды жүріп өтеді.

«Біз Visa Tour of World Class Almaty веложарысының араға үш жыл салып қайта оралғанын қуана хабарлаймыз. Осы уақыт ішінде велосипедпен жүруді ұнататындар саны бірнеше есеге артты. Велосипед спорты бүкіл Қазақстанда танымал болды. Биылғы жылы біз мыңға жуық қатысушы болады деп күтеміз, – дейді «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева. – Біз үшін бұрынғысынша спортшылардың қауіпсіздігі бірінші орында болмақ. Сөреге қатысуға тілек білдірушілер велосипедтер мен жабдықтарға қатысты ережелерді сақтаулары тиіс. Мұны сөреде төрешілеріміз тексеретін болады».

Тіркеу және қатысу ақысын төлеу сайтта 6 маусымнан бастап ашылып, 2022 жылғы 25 шілдеге дейін немесе қатысушылардың жалпы саны 1000 адамға жеткенге дейін жалғасады.

Сөрелік жарна: 57 км – 15 000 KZT, 34 км – 12 000 KZT, 14 км – 10 000 KZT.

57 км қашықтықта абсолютті жас санатындағы жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен, медальмен, грамотамен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. 57 км, 34 км, 14 км қашықтықтарда жас санаттарындағы жеңімпаздар медальмен, грамотамен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жарыстың мәреге жеткен барлық қатысушылары естелік медалін алады.

Естеріңізге сала кетейік, қазір «Алматы марафоны» және «Turkistan Marathon» ауқымды жарыстарына тіркелу ашық. Толық ақпарат https://www.almaty-marathon.kz/ сайтында.

Велосипед жарысының титулдық серіктесі: Visa

Құрметті серіктестер: Sulpak

Ұйымдастырушылар: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы, Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры және #Сеніңжаңақырың мультиспорттық Youtube-арнасы.

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ